Біз кз

ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ: ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық. Бұл тек ата-ана немесе мектеп деңгейінде ғана емес, бүкіл қоғам болып атсалысуды талап ететін күрделі тақырып. Биыл облыста жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтар көрсеткіші 9,7 пайызға төмендегені белгілі болды. Бұл – қуанышты нәтиже, алайда мамандардың айтуынша, мақсат тек статистиканы азайту емес, жас буынның құқықтық мәдениетін нығайтып, оларды қауіпсіз ортада тәрбиелеу.

Құқықтық сауаттылықты арттыру – ортақ міндет. Баланың заңды білуі, қауіп-қатерді ажырата алуы, өз әрекетінің салдарын түсінуі оның өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасы, мектеп, қоғам және құқық қорғау саласының бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің деректері бойынша, жылдың алғашқы айларында ауыр қылмыстар 87,5 пайызға, ал орташа ауырлықтағы құқықбұзушылықтар 21,4 пайызға азайған. Бұл – жүйелі атқарылып жатқан профилактикалық шаралардың нақты нәтижесі. Жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты 2 424 рейд ұйымдастырылып, заң бұзған 12 285 ересек тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде:

  • 1 192 ата-ана – бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін;

  • 217 адам – кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарға баруына жол бергені үшін;

  • 245 жасөспірім – ұсақ бұзақылық жасағаны үшін;

  • 7 174 бала – түнгі уақытта үйінен тыс жүргені үшін жауапқа тартылған.

Сонымен бірге 279 проблемалы отбасы мен 415 жасөспірім есепке алынған. 63 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылып немесе шектелсе, 19 бала арнайы әлеуметтік-психологиялық орталықтарға жіберілген. Профилактика аясында 7 221 лекция мен түсіндіру кездесулері, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған.

2025 жылдың 14 қарашасында ювеналды полиция мен прокуратура бірлесіп Тараз қаласында ата-аналармен еркін форматтағы кездесу өткізіп, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы кең көлемде ақпарат берді. Сонымен қатар жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет жағдайда мамандарға жүгіну қажеттілігі түсіндірілді.

Жасөспірімдер қылмысының артуына негіз болатын факторлар көп. Ата-ананың жұмыстан қолы тимеуі, баланың бос уақытын бақылаудың әлсіздігі, мектептегі құқықтық білімнің жеткіліксіздігі, жағымсыз ортаның ықпалы – барлығы да баланың мінез-құлқына әсер етеді. Психологтар жасөспірімдердің эмоциялық күйлері мен ішкі шиеленістері ескерілмеген жағдайда, олар заңға қайшы әрекеттерге бейім болатынын айтады. Мысалы, баланың тұйықталуы, себепсіз мазасыздануы, денесінде белгісіз жарақаттардың болуы – ересектердің назар аударуын қажет ететін белгілер.

Кейбір балалар өзін қоғамнан оқшауланғандай сезінген кезде, теріс топтардың ықпалына оңай түседі. Топ ішінде бедел іздеу, достардың қысымына бағыну немесе «еркіндік» деп түсінген қате әрекеттер – олардың болашағына едәуір нұқсан келтіреді. Қылмысқа бару – тек қазіргі жағдайды емес, ертеңгі мүмкіндіктерді шектейтін таңдау.

Қылмыстық психология саласының мамандары жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктерін терең зерттеп, олардың қандай жағдайларда құқықбұзушылыққа баратынын анықтаумен айналысады. Психолог Әсия Серікова жасөспірімдер қылмысының негізгі себебі – отбасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі екенін айтады. Оның пікірінше, баланың немен айналысатынын бақыламау, тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеу, әлеуметтік желілерге шексіз қолжетімділік — қылмыстық әрекеттердің туындауына ықпал етеді.

Ал психолог Айгүл Байжанова қазақы тәрбиенің құндылығын атап өте отырып, шамадан тыс тыйым салудың кері әсерін еске салады. Балаға өз эмоциясын еркін білдіруге мүмкіндік бермеу немесе оның қызығушылығын елемеу – болашақта сенімсіздік пен агрессияның себебі болуы мүмкін. Маманның айтуынша, ата-ана баламен тепе-тең диалог құрып, мектеп жасына дейін эмпатияны қалыптастыруы қажет. Сонымен қатар жасөспірімдермен олардың тілімен сөйлесу, ойына жол таба білу – олардың өмірлік ұстанымдарын өзгертуге ықпал етеді.

Жалпы, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар өңірде нақты нәтиже беру үстінде. Статистикалық мәліметтердің төмендеуі – қоғамның, мектептің және отбасылардың бірлескен еңбегінің жемісі. Балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, қауіпсіз орта құру – алдағы уақытта да жалғасуы тиіс маңызды бағыттар.

Жасөспірімнің заңды білуі – оның қауіпсіз өмір сүруінің негізі. Сол себепті әр отбасы бала тәрбиесінде сергек болып, мектептер құқықтық білімді тәжірибемен ұштастырып, қоғам жас буынның жан-жақты дамуына барынша қолдау көрсетуі қажет.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.