Біз кз

«Talqylau»: «Жастар және жұмыссыздық»

«Amanat» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Talqylau» қоғамдық диалог алаңы алғашқы жұмысын жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінен бастады.
Аталған алаң республикада алғаш рет қолға алынып отыр. Қоғамда туындаған түйткілді мәселелерді ортақ талқыға салып, оның шешуге атсалысу мақсатында құрылып отырған алаң мейлінше жемісті жұмыс істеуге бел шешіп отыр.

  • Бүгінде облыс көлемінде жалпы саны 255 мыңнан аса жас болса, соның 7,3 пайызы жұмыссыз. Ал жұмыссыз жастармен жасалатын заң, құқық бұзушылықтар көп орын алатыны белгілі. Сондықтан, бұл жастарды оқыту мен жұмыспен қамтудың маңызы зор.
    Бұл ретте талқылауға қатысқан спикерлер түрлі ұсыныстарын жеткізді.
    Мысалы, М.Х.Дулати атындағы өңірлік университеттің ректоры Талғат Ешенқұлов білімге деген сұраныстың, білім беру тенденциясының өзгеріп отырғанын айтады. Бұрынғыдай өмір бойы «Бір диплом —бір жұмыс» деген ұстаным жоқ. Жастар бір мезетте бірнеше жұмысты қатар алып жүруге бейім. Осыған орай әр кезеңде әр түрлі білім алып, біліктіліктерін арттыруға ынталы. Яғни, өмір бойы білім алу трендте.
    Айта кетейік, талқылаудағы өзекті тақырыптың бірі — «Қаңтар оқиғасының» себебі, салдары және алаңға шыққан жастардың талабы болды.
    Ал жиынға қатысқан «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, блогер Исламбек Дастан жастар арасындағы жұмыссыздыққа бірден-бір себеп зейнет жасындағы басшылардың орнын босатпауы екенін айтады. Ал олардың жайлы креслода отыра беруіне таныс-тамыр, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық ықпал етіп жатқанын жеткізді.
    Кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде де алаңға шағып, өз талабын қойған жастардың ашуын туғызған осындай келеңсіздіктер екенін тілге тиек етті. Ащы шындықты ашып айтқан блогер Жамбылдағы бірқатар зейнеткер басшылардың атын атап шықты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Уәли Болатбек бүгінгі жастар білімсіз,  жалқау деген пікірге қарсы екенін айтады. Ол бүгінгі ел жастарының ынталы,  білімге құштар,  қоғамға жанашыр екенін,  бірақ,  мемлекет тарапынан сол жастардың қажеттілігін,  сұранысын орындау,  оларға түрлі тиімді тетіктерді көрсету тәсілі әлсіз екенін жеткізді.
Пікір алмасу кезінде өзге де жиынға қатысушылар тақырып төңірегінде түрлі ойларымен бөлісті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.