Елімізде бұқаралық спорт пен балалар спортын дамыту маңызды міндеттердің бірі саналады. Жамбыл облысында да бұл бағытта бұқаралық спорт түрлерін дамыту бойынша кешенді түрде жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Меркі ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Спорт – есірткіге қарсы» және «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен өткен үлкен футболдан аудан чемпионатының финалдық матчы өтті.
Айта кетейік, биылғы жарыстар ерекше тартысты өтті. Мамыр айынан бастап ұйымдастырылған турнирлерге барлығы 11 команда қатысып, олардың қатарында аудандық мекемелердің қызметкерлері мен ауылдық округтердің командалары бақ сынады. Финалдық ойынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, барша қатысушыларға спортқа деген белсенділігі мен үлесі үшін алғысын білдірді.
– Спорт – өркениетті қоғам өмірінің айнымайтын бір бөлшегі. Бұл күнде спортпен айналыспайтын, оны мемлекеттік тұрғыда қолдамайтын мемлекеттер некен-саяқ. Өркениетті елдер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өз спортшыларының өнерін жетілдіруде әрі жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болуда. Мемлекет басшысы ел спортының өркендеп, әлемдік аренада қазақ спортшыларының биік дәрежеде өнер көрсетуіне айрықша қамқорлық жасап отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды, спортқа, оның ішінде балалар спорты және бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екенін үнемі баса айтып келеді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Осы жоспарға сәйкес, өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата өлкесінде де дене шынықтыру мен спортқа жіті көңіл бөлінген. Бүгінгі айтулы спорт додасы да соның айқын дәлелі, – деді аудан әкімі Ербол Жиенқұлов.
Шешуші кездесуде Меркі ауылдық округі мен Жаңатоған ауылдық округі Мыңқазан ауылының командалары өзара бақ сынады. Тартысты өткен ойынның негізгі уақыты тең нәтижемен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Нәтижесінде Меркі командасы қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Шара аясында бұған дейін өткен кіші футбол чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де өтті. Оларға арнайы дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спорт сүйер қауым мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.