Біз кз

Жаңатас: тұрақты даму жолындағы нәтижелер мен көрсеткіштер

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстар» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен болатын.

Жиында Жаңатас қаласының әкімі Домалақов Ілияс Әлімбайұлы қалада атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.

Сонымен, қала басшының мәліметіне сүйенсек, Жаңатас қаласының жалпы аумағы 3 мың гектарды құрайды, оның ішінде 2,5 мың гектары елді мекен жерлері. Халық саны – 25 635 адам. Қаладағы қоғамдық-саяси және конфессияаралық ахуал тұрақты.

Экономикалық белсенді халық саны 10 172 адамды (39,7%) құрайды. Оның ішінде 8 624 адам жалдамалы қызметкер, 1 154 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. 394 тұрғын ресми жұмыссыз ретінде есепте тұр. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында 2 454 қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өнеркәсіп және инвестициялар

Қаланың негізгі экономикалық бағыты – өңдеу өнеркәсібі. 2025 жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі 68,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,2 млрд теңгеге артты (126,2%). Негізгі капиталға салынған инвестициялар 29,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштен 4,8 млрд теңгеге жоғары болды. Қалада «Еврохим», «Қазфосфат», «Жарас», «Асыл тұз» және «Тараз көлік жолы» секілді кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр.

Ауыл шаруашылығы

Қала аумағында 18 шаруа қожалығы белсенді жұмыс жүргізуде, 56 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мал басы 420 басқа артқан. Бес шаруашылық асыл тұқымды мал өсіру бағытында еңбек етеді. Тұрғындардың малдарын жаю үшін 4,5 мың гектар жайылым жер бекітілген. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында қалада екі әлеуметтік дүкен қызмет көрсетеді. Биыл 13 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылған.

Құрылыс және тұрғын үй

2025 жылы құны 3,8 млрд теңгені құрайтын 31 жоба әзірленіп, оның 27-сі іске асырылса, құны 4,3 млрд теңгелік 4 ірі инвестициялық жоба нақтылау кезеңінде екен. Тұрғын үй кезегінде 1 462 адам, жер кезегінде 1 302 адам тұр. Биыл 5А шағын ауданынан екі көпқабатты үй сатып алынып, кезектегі азаматтарға берілген. Сонымен қатар 2-шағын аудандағы №32 үйді қайта қалпына келтіру және 60 пәтерлі жаңа үй салу жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкерлік

Қалада 1953 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді (өсім – 117,1%). Олар 2 984 адамды жұмыспен қамтып отыр. 330 кәсіпкерге жалпы 350 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Бюджет

Ағымдағы жылдың 9 айында қалалық бюджет кірістері 309,3 млн теңгені құраса, оның ішінде 291,8 млн теңгесі салықтық түсімдер.

Әлеуметтік сала және білім беру

2025 жылдың басынан 162 отбасына атаулы әлеуметтік көмек, 33 отбасыға тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалды. Қалада 12 білім беру ұйымы, 3 спорт мектебі және 52 спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері 169 мәдени іс-шара өткізіліп, 9,5 мыңға жуық тұрғын қамтылды. «Жаңатас ВЭС» серіктестігі тарапынан әлеуметтік жауапкершілік аясында «Д.Қонаев» мектебінің алдына құны 39 млн теңгені құрайтын фонтан құрылысы жүргізілуде.

Инфрақұрылым және абаттандыру

Қаладағы 76 көшенің 42-сі (61,6%) асфальтталған, 68 көшеге (92%) көше жарығы орнатылған. Барлық көпқабатты және жеке сектор үйлері ауыз су және кәріз жүйесіне қосылған. Қала тазалығына 7 арнайы техника мен 39 қоғамдық жұмысшы жұмылдырылған. Жыл басынан бері 10,5 км арықтар тазартылып, 162 тонна қоқыс шығарылған, 2 200 түп ағаш және 15 206 гүл көшеттері отырғызылған. Тұрғындармен жүйелі байланыс орнату мақсатында жыл басынан бері 10 кездесу өткізіліп, 2 700-ден астам адам қамтылған екен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.