Жамбыл облысында алғаш рет «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені бастау алды. Бұл полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, заңгерлер мен психологтардан құралған мобильдік алаң. Олар аудандарды аралап, тұрғындардың өтінішін тікелей тыңдап, барынша көмек көрсететін болады.
Керуеннің алғашқы кездесуі Меркі ауданында өтті. Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар және ауыл тұрғындары түрлі бағыттар бойынша мамандардан құқықтық кеңес алды. Олардың ішінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Прокуратура, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, Кәмелетке толмағандар ісі, Психолог, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, Киберпол, Экстремизмге қарсы іс-қимыл, Әкімшілік полиция, Көші-қон, Төтенше жағдай, Денсаулық сақтау мен Отбасын қолдау орталығының өкілдері болды.
Ауыл көшелерінен керуен автобусын байқаған Меркі тұрғыны Медет Тулеев жиынға келіп, интернет-алаяқтардың құрбаны болғаны туралы шағымын білдірді. Киберпол қызметкері сол жерде мән-жайды сұрап, деректерді тіркеп, шағымның ресми қабылданып, жедел қаралуына көмектесті. Қария көрсетілген қолдауға ризашылығын айтты.
Полиция департаменті басшылығы мұндай формат халықпен байланыс орнатуға, қылмыстың алдын алуға және өңірдегі өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоба нәтижесінде тұрғындардың қандай түйткілдерге жиі тап болатыны айқындалып, алдағы жұмыс бағыты белгіленбек.
Алғашқы кездесуді аяқтаған керуен тобы сапарын Шу ауданына қарай жалғастырды. Алдағы күндері жоба бірнеше елді мекенді қамтып, әр ауданның әлеуметтік, құқықтық ахуалы мен тұрғындар сұранысын тереңірек саралауға мүмкіндік береді.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі