Біз кз

Пациент құқығы: Пациенттерді қолдау қызметі қалай жұмыс істейді

Әрбір азамат сапалы және қауіпсіз медициналық көмек алуға құқылы. Бұл құқық Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде бекітілген. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, медициналық қызмет сапасына, қызмет көрсету тәртібіне немесе медициналық персоналмен қарым-қатынасқа қатысты сұрақтар туындап жатады.
Мұндай жағдайда пациенттердің құқығын қорғау үшін медициналық ұйымдарда Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Бұл қызмет әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облыстық филиалының бақылауында. Филиал директоры Ғайни Аймағамбетова атап өткендей, қызмет пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын бақылауға бағытталған.
Қызметке келесі жағдайларда жүгінуге болады:
Медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаған жағдайда;
Медицина қызметкерлерінің дөрекі немесе әдепсіз қарым-қатынасына тап болғанда;
ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында заңсыз ақша талап етілген жағдайда;
Медициналық көмектің сапасы немесе көрсетілу тәртібіне қатысты өзге мәселелер туындағанда.
Пациенттерді қолдау қызметінің негізгі міндеттері:
Өтініштер мен шағымдарды жедел қарау;
Мәселелерді «Осы жерде және қазір» қағидаты бойынша шешу;
Құрылымдық бөлімше басшыларының уақытылы әрекет етуін қамтамасыз ету;
Өтініштерді комиссиялық тәртіпте объективті қарау.
Қор филиалы басшысы Ғайни Аймағамбетова атап өткендей, барлық өтініштер қаралып, ресми жауап ұсынылады және пациенттердің құқықтары толық қорғалады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.