
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тарапынан сот үкімімен кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылған сотталған азаматтармен тұрақты түрде тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізіліп келеді. Осындай шаралардың бірі – қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде ұйымдастырылды.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні мерекесімен тұспа-тұс келген іс-шараға мекемедегі жазасын өтеушілер белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, олар бұл күні сурет салудан өзара сынға түсіп, ақ қағаз бетіне өз отбасыларын бейнеледі. Осылайша, арнайы контингент өкілдері шығармашылықтан да құр алақан емес екендіктерін көрсетті.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау, олардың қоғамға деген көзқарасын оң бағытқа өзгерту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Шығармашылық байқау барысында олар ішкі жан-дүниесін ашып, өткен өміріне көз жүгіртіп, өз ой-толғаныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Мұндай іс-шаралар сотталған азаматтардың рухани дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне өз септігін тигізеді. Дәл осындай шығармашылық жұмыстар арқылы олар өз қабілеттерін дамытып, болашаққа деген сенімін нығайта түседі, – делінген ақпаратта.