Біз кз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 2026 ЖЫЛЫ 770 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Жамбыл облысында биыл 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Biz01. Жылдың алғашқы алты айында оның 326 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндады.

Қазіргі таңда өңірде 143 құрылыс нысаны жүзеге асырылуда. Оның 96-сын жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. 2026 жылы құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 60 995 азамат тұр. Биыл олардың 2 035-ін әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланса, оның 680-і халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.

Биыл облыста 2 941 пәтерді қамтитын 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 125 пәтерлі екі кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Асқаров көшесі алқабында 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Осы аумақта тағы 1 800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.

Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамту мақсатында биыл 350 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 78 пәтер сатып алынды.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында 30 жоба іске асырылуда. Оның 24-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Кеңес барысында облыс әкімі құрылыс саласындағы жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, нысандардың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексінің талаптарын сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Жауапты тұлғаларға құрылыс нормалары мен стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, жоспарланған нысандарды уақытылы пайдалануға беру және құрылыс сапасына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.