Жамбыл облысында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі ұйымдастырылды. Шараның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерге қолдау білдірді, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірісті қолдау, өңделген өнім көлемін арттыру және ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағыттарына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

– Бүгінде шағын және орта бизнес экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналды. Отандық өнімнің сапасын арттыру, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту – өңірдің экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі, – деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы сапалы өнім шығаратын кәсіпкерлерді ынталандырып, олардың өнімдерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, жаңа өнім түрлерін өндіруіне жол ашып отыр.

Бүгінде Жамбыл облысында 101 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Өткен жылы осы секторда 3,1 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, кәсіпкерліктің өңірдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі үштен біріне жуықтады. Салада 170 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары да жалғасуда. Жыл басынан бері қаржы институттары арқылы 10 мыңнан астам кәсіпкерге 41,6 млрд теңге көлемінде несие берілді.

Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында соңғы үш жылда 9 кәсіпкер финалист атанып, оның 6-уы грант иеленген. Оларға жалпы көлемі 24,9 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Биыл жобаға қатысушылардың жұмыстары бағаланып, қорытынды бойынша 10 финалист анықталады. Олар 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға үміткер болады.

Ал биылғы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауына 120-дан астам тауар өндіруші қатысты. Көрме барысында кәсіпорындар өздерінің өндірістік әлеуетін, отандық өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін таныстырды.
«Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» номинациясында «Касса 01» ЖШС, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» және «G Universal» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Rano Komfort Service» ЖШС, «MoozTau» ЖК және «OtarBioPharm» ЖШС үздік деп танылды.
Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Та-Мак» ЖШС және «AS-JAN KZ» ЖШС жеңімпаз атанды.
Көрме-байқау отандық тауар өндірушілердің өнімдерін кеңінен насихаттап, кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар шара жергілікті өндірісті дамыту мен кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетті.