Біз кз

ЖАМБЫЛДА КӨКӨНІС САҚТАУ ҚУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Тараз қаласына қарасты Қоңыртөбе тұрғын алқабында «TRZ AGRO» ЖШС-ның сыйымдылығы 12 мың тонна болатын жаңа көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Жаңа нысан заманауи технологиялармен жабдықталған. Қоймадағы қондырғылар Нидерланд, Италия және Ресейден жеткізілген. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – көкөніс өнімдерінің сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін голландиялық технология негізіндегі еден асты желдету жүйесінің қолданылуы.

Жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан 995 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Қойманың іске қосылуы маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге және өнімнің ысырабын азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Жамбыл облысында бүгінде сыйымдылығы 374 мың тоннаға жуық 123 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Ал 2028 жылға қарай сақтау қуатын 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысының тиімді тәжірибесін енгізу мақсатында жалпы қуаттылығы шамамен 90 мың тонна болатын 10 көкөніс сақтау қоймасының құрылысына несие берілген.

13Сонымен қатар «TRZ AGRO» ЖШС аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өзге де жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, етті терең өңдеу кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорында мал сою және бөлшектеу, шұжық өнімдерін өндіру, консервілеу, сондай-ақ үй жануарлары мен балықтарға арналған жем өндіру бағыттары қамтылады.

Бұдан бөлек, жыл бойы өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жылыжай кешенін салу жоспарланған. Жобада температура мен ылғалдылықты автоматты реттеу, энергия үнемдеу және өнімділікті арттыруға бағытталған заманауи технологияларды қолдану көзделген.

Үш жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде жаңа көкөніс сақтау қоймасында 30-дан астам маусымдық жұмыс орны құрылады.

Облыс басшылығының мәліметінше, мұндай жобалар өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, көкөніс өнімдерін сақтау және өткізу жүйесін жетілдіруге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен сақтау мерзімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысы көкөніс және бақша дақылдарын өндіру бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Өңір ішкі нарықты, оның ішінде пияз өнімін толық қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.