Біз кз

ЖЫЛЫНА 800 МЫҢ ТОННА КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жамбыл облысының Сарысу ауданында «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік беретін жаңа зауыты іске қосылды. Өндіріс орны «ЕвроХим» компаниясының өңірдегі заманауи химия кешенін құруға бағытталған ірі инвестициялық жобасының маңызды бөлігі саналады. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және минералдық шикізатты терең өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1 млрд АҚШ долларына дейін жетеді.

Салтанатты жиында облыс әкімі өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен жаңа өндірістерді іске қосу экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға және экономикалық дербестікті нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы инвестицияның, заманауи технологиялардың және өңірдің өндірістік әлеуетінің нақты нәтижеге айналғанын көрсетеді. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 277,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға артты.

Биыл өңірде жалпы құны 471 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың іске қосылуы нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда жалпы құны 144,3 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жамбыл облысы химия өнеркәсібін дамыту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы облыс аумағында орналасқан. Қазіргі таңда өңірде химия саласында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар фосфорлы шикізат өндіру, минералды тыңайтқыштар мен басқа да химиялық өнімдер шығарумен айналысады.

2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстың химия өнеркәсібінде 150,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, саладағы өсім 16,5 пайызды құрады.

«ЕвроХим-Қаратау» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Оның алғашқы кезеңі 2016 жылы іске қосылып, фосфорит шикізатын өндіру және өңдеуге бағытталған тау-кен байыту кешені пайдалануға берілді. Бұл кезеңге 126 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.

Кәсіпорын биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында 344,9 мың тонна өнім өндіріп, 8 млрд теңгенің өнімін өткізді.

Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның аясында минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін заманауи өндірістік кешен қалыптастырылады. Осы кезеңнің алғашқы нысаны – күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы биыл мамыр айында аяқталды.

Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын шығаруға мүмкіндік береді. Ал негізгі химия өндірісін іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жоба толық қуатына шыққан кезде кәсіпорын жылына 1 млн тоннаға дейін өнім өндіре алады.

Өндірісте заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдануға басымдық берілген. Жоба аясында негізгі өніммен қатар кальций хлориді мен синтетикалық гипс сияқты қосымша өнімдер өндіріледі. Олар құрылыс, химия және басқа да өнеркәсіп салаларында пайдаланылуы мүмкін.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары. Құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін кемінде 1 200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде «ЕвроХим» кәсіпорындарында мыңнан астам адам еңбек етеді. Сонымен қатар сервистік және аутсорсингтік ұйымдарда 300-ге жуық жұмыс орны құрылған.

Жаңа өндірістің іске қосылуы Жамбыл облысында химия өнеркәсібінің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға жол ашады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.