Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда өңір аумағында жалпы 143 құрылыс нысаны жүзеге асырылып, олардың 96-сын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев мәлімдеді.

Кеңесте тұрғын үй құрылысының қарқыны, әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және индустриялық аймақтарды қажетті инженерлік желілермен қамту мәселелері қаралды.
2026 жылы құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жыл соңына дейін облыста 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделсе, оның 326 мың шаршы метрі қаңтар-маусым айларында пайдалануға тапсырылған.
Қазіргі таңда коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 60 995 азамат тұр. Оның ішінде 31 321 адам халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.
Биыл кезекте тұрған 2 035 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның 680-і әлеуметтік осал санаттағы азаматтар.
Жалпы, 2026 жылы облыста 2 941 пәтерді қамтитын 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша 1 685 пәтерлі 35 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Бүгінде Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 125 пәтерлі екі кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Асқаров көшесі алқабында жалпы 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Осы аумақта тағы 1 800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұл жобалардың іске асырылуы тұрғын үйге сұранысты кезең-кезеңімен азайтып, азаматтардың баспанамен қамтылу мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 350 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытқа дейін оның 78-і сатып алынды.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында облыста 30 жоба іске асырылуда. Оның 24-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жобалар жаңа тұрғын үй алқаптарын электр, жылу, су, кәріз және басқа да қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аппараттық кеңесте құрылыс саласындағы сапа мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы құрылыс саласын ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар, нысандардың сапасы, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі, сондай-ақ инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болуы қажет.
– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде құрылыс саласын кешенді құқықтық реттейтін жаңа Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі толық күшіне енді. Кодекс құрылыс қызметіне қойылатын талаптарды біріздендіріп, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтті. Сонымен қатар құрылыс саласындағы жауапкершілік пен мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізілді. Құрылыс кодексінің талаптарын өңірде сапалы іске асыру – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым жобаларын белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге құрылыс барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құрылыс нормалары мен стандарттарының сақталуына және пайдалануға берілетін нысандардың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Кеңес қорытындысында жауапты тұлғаларға Құрылыс кодексінің талаптарын қатаң сақтау, жоспарланған нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту және құрылыс нормалары мен стандарттарының орындалуын тұрақты қадағалау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.