Жамбыл облысының Меркі ауданында «Меркі Бизнес Форумы» өтіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауданның әлеуметтік-экономикалықдамуына бағытталған бастамалар талқыланды. Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.
Жиында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірдің экономикалық қуатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

– Соңғы үш жылда Жамбыл облысына 764,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өңір республика бойынша үшінші орынға көтерілді. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 184 млн АҚШ долларынан 289,7 млн АҚШ долларына дейін өсті. Тартылған инвестициялардың 96,1 пайызы жеке қаржының үлесінде. Бұл – инвесторлар мен бизнес қауымдастығының өңірдің әлеуетіне деген сенімінің көрсеткіші, – деді Ербол Қарашөкеев.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыста жалпы құны 143 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін құны 458,8 млрд теңге болатын 47 жобаны жүзеге асырып, 2 700-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Форум барысында өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

Жиында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев соңғы жылдары облыста жаңа нысандардың көптеп бой көтеріп, елді мекендердің көркейіп келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар «Novek» ЖШС-нің Меркі ауданындағы өкілі Бахыт Көкебаев алдағы жылдары аудан аумағында жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын екі колледж салу жоспарланғанын жеткізді. Медициналық және құрылыс бағытындағы білім беру ұйымдарының әрқайсысы 1 мың студентке есептелген.
– Бүгінде бізге білімді әрі білікті мамандар қажет. Ауыл мен ауданның болашағы үшін дәрігерлер, құрылысшылар, инженерлер керек. Сондықтан жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау – маңызды міндет, – деді Бахыт Көкебаев.

Форум аясында Меркі ауданы әкімдігі мен туған жердің дамуына қолдау білдірген азаматтар арасында жалпы құны 360 млн теңгені құрайтын алты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісімдер шеңберінде ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар нысан салу жоспарлануда.

Жиын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара соңында Меркі ауданының тарихы, табиғаты, туристік әлеуеті мен мәдени мұрасын таныстыратын «Меркі» фотокітабының тұсаукесері өтті.