Жамбыл облысында республикалық маңызы бар ескі «Күйік» асуының 12,3 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент депутаттары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы және мердігер ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.
Салтанатты жиында облыс әкімі жаңартылған жолдың өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, сапалы жол сауда, туризм, кәсіпкерлік пен инвестицияның дамуына серпін береді.

1970 жылы пайдалануға берілген «Күйік» асуы ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуді қажет етіп келген. Жолдың техникалық жағдайы, әсіресе қыс мезгілінде, көлік қозғалысына қиындық туғызған.

Жол жөндеу жұмыстарын «СинеМидасСтрой» ЖШС 10 ай ішінде аяқтады. Жобаға 200-ге жуық адам жұмылдырылды.
Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені, ал жаңартылған жолдың ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды.
Іс-шара барысында жол саласына үлес қосқан бірқатар азаматтар көпжылдық еңбегі үшін марапатталды.

