Жамбыл облысының Жамбыл ауданында ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған 120 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын алқабында салынған бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, қоныс иелеріне пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
Салтанатты шарада облыс әкімі азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірдегі негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Ел Президенті азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мен олардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Әр отбасының бақыты мен берекесі өз шаңырағымен тығыз байланысты. Сондықтан бүгінгі қоныс тойының мәні ерекше. Жаңа баспанаға қол жеткізген барлық тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен молшылық тілеймін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жаңа тұрғын үйдің құрылысын «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС жүргізген. Бес қабатты ғимаратта 120 пәтер бар. Оның ішінде 10 бір бөлмелі, 62 екі бөлмелі және 48 үш бөлмелі пәтер қарастырылған.
Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілді. Олардың қатарында толық емес және көпбалалы отбасылар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар.

Қоныс иелерінің бірі – Аса ауылының тұрғыны Жәмилә Жайылғанова жаңа баспанаға ие болу отбасы үшін көптен күткен қуаныш екенін айтты.
– Бүгін біздің жанұямыз үшін ұмытылмас бақытты күн. Көптен күткен арманымыз орындалып отыр. Сегіз баламыздың несібесіне үш бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткіздік. Осындай мүмкіндік жасап отырған мемлекетке, облыс және аудан басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Жалпы, жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік беріп, әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсетті.