Жамбыл облысында биыл халықты табиғи газбен қамту деңгейін 96 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.
Кеңесте энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабеков баяндама жасады.

Бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 284-і табиғи газбен қамтылған. Нәтижесінде халықты газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жетіп отыр. Қазіргі таңда Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді газдандыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда өңірдегі газбен қамту көрсеткіші 96 пайызға дейін өседі.
Ауыз сумен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 19 жобаға 17,1 млрд теңге бөлініп, нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар жалпы құны 80 млрд теңге болатын 43 жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.
Электр энергетикасы саласында да өндірістік және шекаралық аймақтарды электрмен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Жылу энергетикасы бойынша Тараз қаласындағы РК-4 қазандығын кеңейту, сондай-ақ «Самал» және «Алатау» шағынаудандарындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 44,5 шақырым жылу желісін жаңартуға бағытталған 11 жоба әзірленген.
Облыс әкімі коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуді, тарифтік саясатқа тұрақты талдау жүргізіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар иесіз электр желілері мен трансформаторларды коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.

– Коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс. Осыған байланысты тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, 2026 жылға арналған болжамды көрсеткіштер бойынша тиісті талдау жүргізу қажет. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстарын жүйелі жалғастыру және жылу желілерін жаңғырту жобаларының белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ аппараттық кеңесте Тараз, Шу, Қаратау және Жаңатас қалаларындағы кәріздік-тазарту құрылыстары жобаларының іске асырылу барысы талқыланды. Өңір басшысы аталған жобаларды сапалы жүзеге асыру және оларды қаржыландыру мәселелерін шешу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Кеңесте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалуына да ерекше назар аударылды. Облыс әкімі акция аясындағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бойынша өңірлер рейтингісінде Жамбыл облысы 5-орында тұр. Акция басталғалы 35,1 мыңнан астам тұрғын мен 1,4 мыңнан аса кәсіпорын және мекеме атсалысты.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 48,5 мың түп ағаш отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары, 810 шақырым арық және канал жүйелері тазартылды. Бұдан бөлек, 615,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы ретке келтіріліп, 5,8 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.