Біз кз

ТАРАЗДА ЖАҢА ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Жаңа нысанның іргетасына капсула салу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның өңірдегі спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды BIZ01.

Өңір басшысының айтуынша, инклюзивті спорт орталығының құрылысы – азаматтардың спортпен айналысуына тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа кешен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, олардың спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, бұқаралық спортты дамытуды және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді.

Бүгін бастау алған Инклюзивті спорт орталығының құрылысы – осы стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асуының көрінісі. Спорт инфрақұрылымын дамыту – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыты. Инклюзивті спорт әрбір азаматқа өз мүмкіндігін толық ашуға, қабілетін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуға жағдай жасайды.

Іргетасы қаланған жаңа орталық алдағы уақытта мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетіп, жас спортшылардың алғашқы жетістіктеріне жол ашатын, параспортшылардың жаңа белестерді бағындыруына мүмкіндік беретін маңызды спорт ордасына айналады деп сенемін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жоба аясында халықтың барлық санатына, оның ішінде мүгедектігі бар және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған заманауи әрі қауіпсіз көпфункционалды спорт кешені салынады.

Орталықта әмбебап спорт залы мен көрермендерге арналған мінберлер, тренажер және емдік дене шынықтыру залдары, медициналық және психолог кабинеттері, әкімшілік және жаттықтырушылар кабинеттері, конференция залы қарастырылады.

Сондай-ақ нысанда буфеті бар демалыс аймағы, күту және тіркеу аймақтары, кең вестибюль, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар, техникалық және қосалқы үй-жайлар орналасады.

Орталықтың жалпы аумағы 1,6 гектарды, ғимараттың жалпы ауданы 3 600 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 300 келушіге қызмет көрсете алады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндігі бар 19 278 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 383 адам немесе 22,7 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Олардың 1 481-і – жасөспірімдер.

Өңірде спорттық резервті даярлау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Жамбыл облысынан 200 спортшы Қазақстан Республикасы ұлттық құрамаларының қатарына енді. Оның 148-і негізгі құрамда, 43-і жастар құрамасында, 9-ы жасөспірімдер құрамында өнер көрсетеді.

Жамбылдық параспортшылар халықаралық ареналарда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың қатарында Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Зүлфия Ғабидуллина, Нұрдәулет Жұмағали, Ғабит Есжанов, Айдос Түгелбаев, Берік Нұрымов, Нұржан Асан, Диас Рысбек және басқа да халықаралық дәрежедегі спортшылар бар.

Салтанатты рәсім барысында BI Construction & Engineering компаниясы Оңтүстік дивизионының директоры Ілияс Рүстем мен Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің вице-президенті Зүлфия Ғабидуллина сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.

Зүлфия Ғабидуллинаның айтуынша, жаңа орталық ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне кең мүмкіндік береді.

– Бүгін ерекше қажеттілігі бар барлық спортшылар үшін маңызды күн. Инклюзивті спорт орталығының құрылысының басталуы – көптен күткен қуанышты оқиға. Бұл орталық тек жаңа спорт нысаны ғана емес, мүмкіндігі әртүрлі азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Мұнда спортшылар заманауи жағдайда жаттығып, жан-жақты дамып, өз күшіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қойып, жаңа жеңістерге жете алады. Мемлекет басшысына инклюзивті спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдіремін, – деді Зүлфия Ғабидуллина.

Жаңа спорт орталығының іске қосылуы Жамбыл облысында бұқаралық және инклюзивті спортты дамытуға, спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың қатарын арттыруға және параспорттағы жоғары жетістіктердің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.