Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі, жол жөндеу жұмыстарының барысы және қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды BIZ01.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,4 млрд теңге қарастырылған.
Бөлінген қаражат есебінен 73 жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында 2 көпір мен 3 теміржол өткелін салу, 5,7 шақырым көшені қайта жаңғырту және 128,9 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жобалардың 33-і өткен жылдан өтпелі болса, 40-ы биыл басталған жаңа жобалар. Бүгінде 19 жоба толық аяқталған.

Жол құрылысының сапасына да тұрақты бақылау жүргізілуде. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары осы уақытқа дейін 26 нысанда 57 инспекциялық тексеру өткізіп, 184 сынама алған. Анықталған бірқатар кемшілік мердігер ұйымдар тарапынан кезең-кезеңімен жойылуда.
Кеңесте қоғамдық көлік саласының қазіргі жағдайы да талқыланды. Қазір облыста 163 автобус маршруты тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның ішінде 13 облысаралық, 27 ауданаралық, 72 ауданішілік және ауылішілік, 46 қалалық және 5 қала маңындағы маршрут бар.
Аталған бағыттарда 34 тасымалдаушы мекеме 814 автобуспен жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда.
Автобус паркін жаңарту жұмыстары да жалғасып келеді. Биыл қалалық бағыттарға 10 жаңа автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін тасымалдаушы компаниялар қосымша 40 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауданішілік бағыттарға 2 жаңа автобус алынған.
Заңсыз жолаушылар тасымалының алдын алу мақсатында жыл басынан бері 20 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 251 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Кеңес барысында облыс әкімі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.
– Жол жөндеу жобалары белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Әрбір жобаның іске асырылу барысына апта сайын мониторинг жүргізіп, жұмыстың уақытылы аяқталуына кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешу қажет. Жол құрылысында техникалық талаптар мен қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес келетін асфальтбетон қоспалары ғана пайдаланылуы тиіс. Сапасыз материалдарды қолдануға жол берілмейді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар өңір басшысы заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы жұмысты күшейтуді, стихиялық аялдамалар мен бейберекет тұрақтарды жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен рейдтерді тұрақты ұйымдастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, аудан орталықтарында автостанциялар немесе жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін ашу, сондай-ақ жұмысын тоқтатқан нысандардың қызметін қайта жандандыру мәселесін жеке бақылауға алуды міндеттеді.
Кеңес қорытындысында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне берілген тапсырмаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету жүктелді.