Біз кз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ІРІ ӨНДІРІСТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі инвестициялық, өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Жұмыс сапарына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Сапар барысында химия өнеркәсібі, энергетика, тұрғын үй құрылысы және көлік инфрақұрылымы салаларындағы бірқатар нысан араланып, жобалардың іске асырылу қарқыны мен туындаған мәселелер қаралды.

Жұмыс сапары еліміздегі химия өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындарының бірі – «Қазфосфат» ЖШС-дан басталды. Кәсіпорын 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында 64,2 млрд теңгенің 246,1 мың тонна өнімін өндірген.

«Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың айтуынша, кәсіпорын отандық агроөнеркәсіп кешенін минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етумен қатар, өнімдерін Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Литва, Латвия, Польша және басқа да шетелдік нарықтарға экспорттайды.

Бұдан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Сарысу ауданында жүзеге асырылып жатқан Qazaq Soda кальцийлендірілген сода зауытының құрылыс барысымен танысты.

Жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 500 мың тонна болады. Кейін өндіріс көлемін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 1 500 уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт толық іске қосылғаннан кейін 375 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа өндіріс Қазақстанның кальцийлендірілген содаға деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Зауыттың бірінші кезеңін 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. YILDIRIM Holding компаниясының атқарушы директоры Исмаил Джейланның айтуынша, мемлекеттік қолдау аясында өндірістік алаңға қажетті газ және электр желілері, теміржол тармағы мен су жүйесі тартылуда.

Жұмыс сапары Сарысу ауданындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-да жалғасты. Жалпы құны 500 млрд теңгені құрайтын жоба еліміздің химия өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық бастамалардың бірі саналады.

Кәсіпорында алғашқы кезең аясында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіру жолға қойылған. Ал жобаның екінші кезеңінде жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыш өндіретін өндіріс іске қосылады деп жоспарлануда. Оның құрылысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау көзделген.

Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде 1 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына 2 мыңға дейін адам тартылған.

Жалпы, облыстағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа өндірістерді іске қосуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында мемлекеттік қолдау мен инвестиция тарту нақты экономикалық нәтижеге ұласуы қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне инвестициялық жобаларды тұрақты сүйемелдеу, құрылыс барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан әрі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Тараз қаласындағы тұрғын үй құрылысы, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобалардың орындалу барысын тексерді.

Атап айтқанда, «Балауса» жаңа шағын ауданындағы құрылыс жұмыстары қаралды. Мұнда 145 тұрғын үй, екі мектеп, үш балабақша, онкологиялық диспансер, көпбейінді аурухана, лицей-интернат, неке сарайы, инновациялық шығармашылық орталық және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

Жаңа шағын аудан бірыңғай сәулеттік тұжырымдама негізінде бой көтеріп, тұрғын үйлермен қатар қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Нұрлыбек Нәлібаев «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ның №4 жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ жабдықтарды жаңарту және 1,4 шақырымдық М-3 магистральдық жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Бұдан бөлек, Абай даңғылының теміржол үстінен өтетін жол және жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған жаңа учаскесінің құрылысымен, сондай-ақ Тараз теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Жауапты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға энергетикалық нысандарды алдағы жылыту маусымына сапалы дайындау, жылумен қамту жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.