Сарысу ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар оң көрсеткіш қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі мен инвестиция көлемі артса, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй және сауда салаларында да өсім бар. Сонымен қатар аудан аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
Экономиканың негізгі көрсеткіштері өсті
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы қорытынды бойынша Сарысу ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 87 млрд 765,8 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайызға жетті. Былтыр осы кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 51 млрд 99,6 млн теңге болған.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 млрд 523,3 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,9 пайыз болды.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 114 млрд 728,8 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 180,7 пайыздық көрсеткішті құрайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі де айтарлықтай ұлғайып, 23 млрд 450,5 млн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 292,8 пайызды құрады.
Есепті кезеңде 3178 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1 млрд 800,8 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайыз болды.
Бюджет кірісі жоспардан асып түсті
Аудан бюджетінің кіріс бөлігі бойынша да жоспар артығымен орындалған.
2026 жылдың 1 мамырына бюджет кірісінің жоспары 2 млрд 953,3 млн теңге болса, нақты түсім 3 млрд 693,6 млн теңгені құрады. Осылайша кіріс жоспары 125,1 пайызға орындалды.
Өзіндік кірістердің жоспарланған көлемі 2 млрд 249,2 млн теңге болса, нақты түскені 2 млрд 989,5 млн теңгеге жетті. Трансферттер бойынша жоспар толық көлемде орындалды.
Ал бюджет шығыстары бойынша жоспарланған 3 млрд 551,2 млн теңгенің 3 млрд 549,4 млн теңгесі игеріліп, орындалу көрсеткіші 99,9 пайызды құрады.
Егіс көлемі ұлғайып, шаруаларға қолдау көрсетілуде
Сарысу ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Аудандағы жалпы егістік жер көлемі 25 619 гектарды құрайды.
Биыл 24 695 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік жерлердің игерілу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 546 гектарға артық.
Биыл 2 150 гектарға бидай, 7 800 гектарға арпа, 420 гектарға дәндік жүгері егілді. Майлы дақылдардың, атап айтқанда мақсарының егіс көлемі 6 мың гектарға дейін ұлғайды. Сонымен бірге 16 гектарға картоп, 142 гектарға көкөніс, 132 гектарға бақша және 8 035 гектарға мал азығы дақылдары орналастырылды.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтарға 780 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның литрі 281 теңгеден таратылуда. Бұл нарықтағы бағаның шамамен 18-20 пайызынан төмен.
Бүгінге дейін операторға 733,5 тонна дизель жеткізіліп, оның 652,7 тоннасы шаруашылықтарға таратылған. Сонымен қатар жиын-терім жұмыстарына қосымша 450 тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлуге өтініштер жолданды.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да жалғасуда. Жыл басынан бері аудан шаруашылықтары жеке қаражаты және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 18 техника сатып алды. Жалпы жыл соңына дейін 33 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарланған.
Шаруалардың айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы бойынша да несие беру жұмыстары жүргізілуде. «Аграрлық несие корпорациясы» және «Саудакент несие серіктестігі» арқылы 15 шаруа қожалығына 182,6 млн теңге несие берілді.
Ал «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша шағын бизнесті дамытуға ұсынылған 13 жобаның 8-і қаржыландырылды. Қаржыландырылған жобалардың жалпы құны 65,2 млн теңгені құрайды.
Мал басы көбейіп келеді
Мал шаруашылығында да өсім байқалады. 2026 жылдың 1 мамырына аудандағы ірі қара саны 26 981 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға өсті.
Уақ мал саны 255 470 басқа, жылқы 13 682 басқа, түйе 3 517 басқа жетті. Өсім тиісінше 13,6, 34,9 және 11,4 пайызды құрады.
Мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемінің жалпы құны 3 млрд 521,6 млн теңгені құрап, 102 пайызға артты.
6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жалғасуда.
2026 жылға Сарысу ауданы бойынша 6 мың гектар жерді қайтару жоспары белгіленген болатын. Бүгінде жоспар толық орындалып, 6 мың гектар жайылымдық жер ауданның босалқы жер қорына қайтарылды.
Бұған дейін, 2025 жылы, мемлекет меншігіне 15 128,7 гектар жайылымдық жер қайтарылған. Бұл жұмыстар елді мекендердегі жайылым тапшылығын шешуге мүмкіндік берді.
Каналдар жаңғыртылып, суармалы жер көлемі артады
Ауданда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды жоба қолға алынған.
Сарысу ауданында екі су қоймасы және жалпы ұзындығы 109 шақырым болатын 16 канал бар. Суармалы егістік көлемі 4 мың гектарды құрайды. Алайда каналдардың тозуына байланысты қазіргі уақытта шамамен 2 700 гектар жерге ғана су жеткізіледі.
Осы мәселені шешу үшін 2026-2028 жылдары «Ислам Даму Банкінің» қаржыландыруымен жалпы ұзындығы 62,1 шақырым болатын 10 каналды жөндеу жоспарланған.
Қазіргі таңда Тасарық, Кедей, Байшахан және Төменгі Бүркітті каналдарында құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда ескі, тозығы жеткен лотоктар алынып, жаңа лотоктар орнатылатын орындар дайындалуда.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 мың гектар суармалы жерге толық су жеткізуге және қосымша шамамен 300 гектар егістік алқапты ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік туады.
Жаңатаста тұрғын үй құрылысы жалғасуда
Жаңатас қаласында тұрғын үй қорын жаңарту және кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылды.
Қалада 109 көпқабатты тұрғын үй бар, оларда 6 773 пәтер орналасқан.
2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» қоры есебінен 1,8 млрд теңге қарастырылды.
Осы қаражатқа жалпы аумағы 7 200 шаршы метр болатын бес қабатты, 60 пәтерлі жаңа тұрғын үй салынды. Сонымен қатар 1-шағын аудандағы №45 көпқабатты тұрғын үйдегі 63 пәтер қайта жаңғыртылды.
Аталған 123 пәтер және бұған дейін қайта қалпына келтірілген тұрғын үйлердегі 59 екі бөлмелі пәтер «Отбасы банк» АҚ теңгеріміне берілді.
Бүгінде банк тарапынан 115 пәтердің кілті әлеуметтік жағынан осал азаматтарға табысталды. Қалған пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға белгіленген тәртіппен ұсынылады.
Сонымен қатар биыл 20 пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жобаға 411,5 млн теңге қарастырылған.
Ауыз су жүйесі жаңғыртылуда
Ауданның барлық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қолданыстағы жүйелерді жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
Жайылма және Маятас ауылдарындағы ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға 1,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80 пайызы аяқталды. Мердігер ұйым жаңа жүйені тамыз айының басында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Саудакент ауылында ауыз су жүйесін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі де күн тәртібінде тұр. Қалған 400 ауланы ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді.
Жобаға қажетті 417 млн теңге көлеміндегі бюджеттік өтінім Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсынылды.
Табиғи газ тарту жұмыстары жүргізілуде
Сарысу ауданын газдандыру бағытында екі ірі жоба жүзеге асырылуда.
Жобалар аясында Жаңатас қаласынан бөлек, 13 елді мекенге сыртқы және ішкі газ құбырлары тартылып, негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.
Жобаларды толық аяқтау үшін қосымша 6,1 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Шалдар» АГРС-тен «ЕвроХим» зауытына газ берілген жағдайда Жаңатас қаласындағы орталық қазандық пен 13 елді мекен табиғи газға қосылады.
Ал Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйлер мен жеке секторды газдандыру үшін қосымша 5,1 млрд теңге көлемінде қаржы қажет.
Білім беру саласында орын тапшылығы жоқ
Сарысу ауданында білім беру саласына қарасты 47 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 26 мектеп, 9 қосымша білім беру ұйымы, 11 балабақша және 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар.
Ауданда апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектептерде орын тапшылығы да байқалмайды.
Саудакент ауылындағы Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің сыртқы бөлігін жөндеуге 39,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ғимаратты қаптау жұмыстары жүргізіліп, оны маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Медициналық қызмет сапасын арттыру көзделуде
Ауданда 28 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Мұнда 623 медицина қызметкері еңбек етеді.
Биыл Саудакент ауылындағы емханаға гемодиализ аппаратын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ауданда гемодиализді қажет ететін 5 азамат Тараз қаласына қатынап ем алуда.
Сонымен бірге ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында эксперттік кластағы жоғары дәлдіктегі УДЗ аппаратын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа құрылғы жүктілік барысындағы ықтимал асқынуларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Туберкулездің алдын алу және тыныс алу жолдары ауруларын ерте анықтау мақсатында медициналық-санитарлық алғашқы көмек базасында арнайы «Жөтел кабинетін» ашу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Аудан денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелердің бірі – орталық аурухана ғимаратының тозуы. Жаңа аурухана салу үшін 5 гектар жер телімі дайындалды. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы сұратылды.
Жаңа аурухана құрылысына шамамен 23 млрд теңге қажет болады деп жоспарлануда.
Ірі жобалар аудан экономикасына серпін береді
Сарысу ауданында өнеркәсіп саласында 9 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке жыл сайын шамамен 10 млрд теңге салық түседі.
Ірі кәсіпорындарда 2 800-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың 85 пайызы – аудан тұрғындары.
Аудандағы негізгі инвестициялық жобалардың бірі – «ЕвроХим» компаниясының минералды тыңайтқыштар өндіру зауыты.
Жобаның бірінші кезеңі аясында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталды. Кәсіпорынға 320 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар «Qazaq Soda» ЖШС жылына 500 мың тонна кальцийленген сода өндіретін зауыт салуда. Жобаның жалпы құны 188 млрд теңгені құрайды.
Зауыт іске қосылғаннан кейін 500 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бастапқыда нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарланғанымен, қазіргі құрылыс қарқынына байланысты кәсіпорынды 2026 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Әлеуметтік-экономикалық даму – басты назарда
Сарысу ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы кең. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су және газдандыру мәселелерін шешу, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының материалдық базасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өзара сабақтастықта жүргізілуде.
Әсіресе ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Алдағы кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау, инвестициялық жобаларды уақытылы аяқтау, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану және халыққа көрсетілетін мемлекеттік әрі әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жалғаса береді.
Сарысу ауданы үшін негізгі міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қатар, оның нақты нәтижесін тұрғындардың тұрмыс сапасынан көрсету. Осы мақсатта өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.