Біз кз

МЕРКІДЕ ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Жамбыл облысының Меркі ауданында жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің құрылысы басталды. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 30 миллион жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынған жоба «ЭкоФерма» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.

Кешеннің іргетасын қалау рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа өндіріс орнының өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

– Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іске қосылуы өңірдегі ауыл шаруашылығының өндірістік тізбегін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өнім сапасын арттырып, өндіріс тиімділігін көтеруге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Мұндай жобалар ауылдық аумақтардың дамуына да серпін береді, – деді облыс әкімі.

Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. 4 гектар аумақты қамтитын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың бас тауық өсіріледі. Кейін өндірістік қуатты 100 мың басқа дейін жеткізу жоспарланған.

Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру көзделіп отыр. Жоба аясында әр тауықтан жылына 300-320 жұмыртқа алу жоспарлануда.

Кешен іске қосылғаннан кейін 20-25 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Жоба жетекшісі Бақыт Көкебаевтың айтуынша, бастама тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмей, ауылдық аумақтарды дамытуға және отандық өндірістің әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жамбыл облысында соңғы үш жылда экономикаға 764,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 млрд теңгені құрайтын төрт жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Алдағы жылдары жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жобадан тұратын инвестициялық пул кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.