Біз кз

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 91 СУАРУ КАНАЛЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жамбыл облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды – деп хабарлайды BIZ01 ақпарат агенттігі.

Кеңесте «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының, табиғи ресурстар және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары суару жүйелерінің жай-күйі, вегетациялық кезеңнің өтуі және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

2026 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша диқандармен 62 435,94 гектар алқапты қамтитын 3 703 су жеткізу келісімшарты жасалған. Сәуір-маусым айларында 2 182 шаруа қожалығына су беріліп, су көздерінен алынған 325,2 млн текше метр судың 193,8 млн текше метрі тұтынушыларға жеткізілді. Нәтижесінде 35,4 мың гектар суармалы алқап сумен қамтылды.

Биыл облыста 658,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 103,8 мың гектары – суармалы алқаптар.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту аясында Ислам даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 91 суару каналында қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық нысандар бойынша мердігерлер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.

Сонымен қатар өңірдегі 112 су қоймасы мен бөгеттің жалпы сыйымдылығы 135,6 млн текше метрді құрайды. Суару маусымы басталғанға дейін су нысандарында 81,94 млн текше метр су жиналып, 8 797 гектар егістік алқап тұрақты сумен қамтамасыз етілген.

Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алған. Қазіргі таңда мұндай технологиялар 74,9 мың гектар алқапта қолданылуда, оның 8,4 мың гектары биыл іске қосылған.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су ресурстарын тиімді пайдалану, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және шаруаларды қажетті көлемде сумен қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ су ысырабын азайту, гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын бақылау және су тапшылығы қаупі туындаған жағдайда жедел шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға вегетациялық кезең аяқталғанға дейін суару жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және су шаруашылығы нысандарындағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.