Біз кз

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ ҚАЙЫРШЫ АТАНДЫ?

Өзге ұлттан болған досымның бірі: «Осы сендер әйтеуір бір тегін затқа ие болып қалуға құштарсыңдар. Еңбек етпей-ақ байығыларың келіп тұрады. Ренжіме, бірақ тіленіп тұратын қазақтар көп» деді. Неге екенін, мен ол досыма ренжімедім. Себебі ренжи алмадым. Айтып тұрғаны рас еді өйткені.
Жо-жоқ, мен өз қазағымды қайыршы ұлт дегім келмейді. Мүлде. Бірақ, бүгінгі қазақ қоғамы бір қарағанда сондай ой туғызбай қоймайды. Неге дейсіз бе?
Ең әуелі, елдің дені бүгінде өз өмірін әлеуметтік желіде өткізіп жатқаны жасырын емес. Өз шаңырағында не болып жатқанынан бейхабар адам әлеуметтік желінің «жаңалығын» беске соғатын заман. Ендеше қаншама хан мен патша басын біріктіре алмаған қазақты әп-сәтте бір арнаға тоғыстырған сол әлеуметтік желінің бетін ашқан бойда не көресіз?
Иә, дұрыс айтасыз, көмек сұраған, қол созуды өтінген, ауру адамға шипа, үйсізге үй, жетімге пана, жесірге қаржы, ерге қолдау, тағысын тағыларды тілеп аңыраған мың сан қазақ шығады алдыңыздан. Яғни, мыңдаған мұқтаж жанды көресіз. Бұл дамыған елу елдің қатарындағы мемлекеттің тұрғындары емес, құдды бір қайыр сұрайтын даңғыл бойындағы тілемсектер секілді. Адамды мұндай күйге түсірген кім? Құдай ма, қоғам ба, мемлекет пе? Бұл сұраққа өзіңіз жауап іздеп көріңізші. Кімді кінәлайсыз?
Әлгі әлеуметтік желіден көтерін ендігі көрініс алдыңғыдай емес. Тіпті бөлек. Әсем, әдемі, ақмамық өмір. Гламур. Ішкен-жеген мен киген-мінгеннің түр-түрі осында. Бірді-бірге жалғай алмай отырған жанды өмірден баз кештіріп жіберердей ас та төк өмір. Бірақ, бұл топтың да алдыңғы топтан еш айырмасы жоқ. Мұнда да тілемсектік бар. Түрлі ойындар, гивтер, шырмауы мен шырғалаңы көп алдамшы әрекеттер, ең ақырғысы, лайк пен пікір сұрап тіленген тіршілік.
Бір қарағанда аса бір маңызсыз көрінгенімен, түптеп келгенде күллі ұлттың санасын қайыршылыққа, тілемсектікке итермелеп жатқан жайт қой. Түбінде алып барар апанын, алып жығар орын аңғармай қалмасақ болғаны.
Мейлі, әлеуметтік желіні жиыстырып қойып, өзіміздің қарабайыр тіршілікке кірісейік. О-о! Нағыз қайыршылық осында басталады. Ауыл-ауылдардан бастап, қаланың түгелге дерлік дүкенінде «қарыз дәптер» бар. Ол азық-түлік дүкені немесе киім-кешек сататын дүкен болып бөлінбейбі. Өйткені, халық соның барлығынан қарызға ас-ауқат, киім-кешек алады. Ақшасын кейінірек төлегенімен, дүкен иесінің алдында мысы басылып, құдды бір қайырыға алғандай қапа болатын да сол өз қазағымыз ғой. Дүкеннен қарыз алып көрмедім демеңізші. Солардың қатарында Сіз де, мына мен де бармын.
Ал енді күн шығып, кеш батқанша адал еңбек ете отырып, біз неге қарызға зат аламыз? Ақшаны ақылмен жұмсай алмаймыз ба, әлде алған айлық жетпейді ме? Бұл жолы кімді кінәлайсыз? Өзіңізді ме, мемлекетті ме? Әлде Құдайды ма?
Жалпы, айналаға зер сала қарасаңыз, қайыршылық, тілемсектік өзеуреп-ақ тұр. Салықтың, алымның, төлемнің түрін көбейтіп, мемлекет халықтан тілемсектенеді. Сан мың қайырымдылық қорын құрып, қайыр тілейді. Халық та өз кезегінде мемлекеттен тіленеді. Тегін үй, тегін тамақ, тегін әлеуметтік көмек көрсет дейді.
Біз тіпті бір-бірімізден мейірім мен ыстық ықыласты да сұрауға көштік қой…
Ойланып көрдіңіз бе бір сәт. Қайсар мінез, өр рухты қазақ қайыршы ұлтқа айналып бара жатқан жоқ па осы? Біз неге майдаланып кеттік. Біз қалайша қайыршы атандық? Оған кімді кінәлаймыз?
    Өзіміз бе? Мемлекет пе? Әлде Құдай ма?

Маржан РАҚАЙ.

Фото ғаламтор желісінен алынды.

1 Comment
  1. Айжан says

    Өзіміз кінәлі. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің 50, күйеуімнің 50 мың айлығына да қарызданбай өмір сүргенбіз, төрт баламен. Тек көрпеңе қарай көсіл. Артық дарақылық пен жалған ұятты сылтауратып ақша шашпай. Болмайтын құданың құдасының тойына, көршінің көршісінің туған күні деп шабылмай.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.